Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында 50-ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Алматы облысында 50-ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысының полиция департаменті, облыстық прокуратура қызметкерлері және басқа мүдделі органдарымен бірлесіп «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған, оның негізгі мақсаты зорлық-зомбылық қаупінде тұрған немесе оған ұшыраған балаларды анықтау.

Әр ауданда және Қонаев қаласында прокуратура, полиция, қорғаншылық және қамқоршылық, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, психологтар, үкіметтік емес ұйымдар және басқа мүдделі органдардың қызметкерлері қатарынан мобильдік топтар құрылды. 

Мобильдік топтар қарашада 400-ден астам отбасыны тексерді, оның ішінде полиция және пробация органдарында есепте тұрған тұлғалар, тұрмысы қолайсыз, толық емес және табысы аз отбасылар, сондай-ақ балалар өгей әкелерімен тұратын отбасылар.

Мысалы Іле ауданында аштан жүдеу, сөйлеуге және жүруге мұршасы қалмағанған 6 жасар бала анықталды. Бала жедел түрде «Екі жақты пневмония» диагнозымен аудандық ауруханаға жатқызылып, оған медициналық көмек көрсетілді.

Ата-ана ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 2-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қорғаншылық және қамқоршылық органы ата-ана құқықтарын шектеу туралы талаппен сотқа жүгінді.

Райымбек ауданында үш баласы аштан жүдеу отбасы анықталды. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, қысқы қиім сатып алынды, екі бала жазылған соң балабақшаға, ал үлкені мектеп интернатқа орналастырылатын болады. Балқаш ауданында үш отбасында өгей әкелер балаларды ұрып-соққаны анықталды, полиция органдарымен кінәлі тұлғаларға қатыcты ҚР ӘҚБтК-нің 73-2-бабы (Ұрып-соғу) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалды.

Жалпы, біріккен рейдтер нәтижелері бойынша әкімшілік жауапкершілікке 51 ата-ана тартылды, оның ішінде 38 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау); 7 тұлға ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу); 3 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 73-2-бабы бойынша (Ұрып-соғу); 2 тұлға ӘҚБтК 442-бабы бойынша (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы); 1 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы бойынша (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру).

Азық-түлік, көмір және балаларға жылы киім түрінде материалдық көмек 86 отбасыға көрсетілді. Медициналық тексеруден 901 бала өтті, 16 бала ауруханаға жатқызылды. Тұрғын-үйге кезекке 152 бала қойылып, 2 отбасыға тұрғын-үй алуға көмек көрсетілді. Балалардың қатысуымен 8 іс-шара өткізілді, прокурорлар мектептерде түрлі тақырыптарда 496 дәріс оқыды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру