Семей колониясының аумағына алкоголь мен телефон лақтырмақ болған азамат ұсталды
Семей колониясының аумағына алкоголь мен телефон лақтырмақ болған азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семейде 3 телефон мен 4 литр алкогольді колония аумағына лақтырып өткізбекші болған ер адам оқиға орнында ұсталды. Абай облысында қылмыстық атқару жүйесі №19 мекемесінің қызметкерлері колония аумағына тыйым салынған заттарды өткізудің жолын кесті.
Осылайша, жедел бөлім қызметкерлері лентаға оралған тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған 41 жастағы Семей қаласының тұрғынын ұстады. Сараптама кезінде 3 телефон мен 4 литр алкоголь табылды. Әңгімелесу барысында отағасы, одан тыйым салынған заттарды сотталған досына лақтырып беруін сұрағанын мойындады.
– Қазіргі таңда күдіктіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, – деп түсіндірді жедел бөлім бастығының орынбасары Ернар Жапаров.