Биыл Алматы полициясы заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам есірткі тәркіледі
Биыл Алматы полициясы заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы полициясы қалаға есірткі әкелудің тұрақты 5 арнасын жойды. Сондай-ақ қала аумағында, аса ірі көлемде есірткі заттарын сатумен және сақтаумен айналысқан 4 ұйымдасқан қылмыстық топты, сонымен қатар жанаспайтын әдіспен есірткі заттарын сатумен айналысқан 14 адамнан тұратын тұрақты этникалық қылмыстық топты әшкерелеу жұмыстары жүргізілді.
– Жүргізілген мақсатты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қала аумағында марихуана мен гашиш сату және таратумен айналысқан 4 адамнан тұратын топ ұсталды. Ұстау кезінде, сондай-ақ тінту жүргізілген орындарда 157 келіден астам гашиш пен 54 келі марихуана тәркіленді. Сонымен қатар, есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар 34,6%-ға артық ашылды. Полиция қызметкерлері есірткі сатудың 202 дерегінің жолын кесті. 16 есірткі зертханасы жойылды, 83 бетбелгі қоюшының қылмыстық әрекеті тоқтатылды, – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Сонымен қатар спикердің айтуынша, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 603 келіден астам марихуана, 243 келі гашиш, 557 грамм героин, 83 келі синтетикалық есірткі сондай-ақ 3 тонна көкнәр тұқымы тәркіленді.