2024 жыл ІІМ-де кадр сапасын жақсарту жылы болып жарияланды
Ішкі істер министрлігінде сала ардагерлерімен және өңірлік полиция департаменттері бастықтарының кадр саясаты жөніндегі орынбасарларымен кездесу өтті. Жиынға ведомство басшысы Ержан Саденов төрағалық етті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
– Бізге қойылған міндеттердің бәрі өзгеріссіз. Бұл – қоғамдық қауіпсіздік, қылмысты ашу, оны тергеу және сотқа жіберу. Мұның барлығын біздің қызметкерлер жүзеге асырады. Осыған байланысты менің тапсырмам бойынша 2024 жыл кадр сапасын жақсарту жылы болып жарияланды. Қазір жоспар әзірленіп жатыр. Онда іс-шаралар кешені көзделген, – деді ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Сонымен қатар полиция ведомствосы полицейлердің кәсіби қалыптасуына көмек көрсету, оларды азаматтардың құқығына құрметпен қарауға тәрбиелеу, сондай-ақ ішкі істер органдарында сапалы кадр ядросын қалыптастыру мақсатында тәлімгерлер кеңесінің жұмысын қайта жандандырып жатыр. Ардагерлердің білімі, даналығы мен өмірлік тәжірибесі жас офицерлер үшін маңызды.