Шымкенттің бас полицейі ІІО ардагерлерімен кездесті
Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Думан Таевтің төрағалымен ІІО-ның ардагерлерімен маңызды кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға 100-ге жуық ардагер мен жеке құрам қызметкері қатысты. Шара барысында Ішкі істер министрлігінде 2024 жыл кадр сапасын жақсарту жылы болып жарияланғаны, осыған байланысты сала ардагерлерімен жұмысты жандандыру керектігі сөз болды. Аға буын өкілдері көп жылдық тәжірибесімен бөлісіп, қызметтегі сақшылардың жұмыс сапасын жақсартуға күш салу қажеттігі айтылды.
– Азаматтармен дұрыс қарым-қатынас орнату, қызмет барысында мәдениеттілікті сақтау, заңды жетік білу, тәртіпке бағыну және адамгершілік, адалдық сияқты қасиеттердің барлығы тәртіп сақшысының бойынан табылу қажет. Қызметкерлеріміз осы құндылықтарды бойына жинаса, кадр сапасы жақсаратынына және жұмыстың алға басатынына сенімім мол. Сондықтан, ардақты ардагерлеріміз жеке құрамға өз ақылын айтып, көп жылдық тәжірибесімен бөліссе, біз бұл мақсатқа міндетті түрде жетеміз, – деді Думан Таев.
“Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады” демекші, ардагерлер де бар білгенімен бөлісуге дайын екендіктерін жеткізді.