Көлік полицейлері теміржол вокзалдарында жолаушы азаматтардың балаларын Жаңа жылмен құттықтады
Көлік полицейлері теміржол вокзалдарында жолаушы азаматтардың балаларын Жаңа жылмен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа 2024 жыл қарсаңында “Нұрлы-Жол” вокзалының күту залында Астана станциясындағы желілік полиция басқармасы қызметкерлерінің балаларына арналған жаңажылдық шырша ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шараға 10 жасқа дейінгі 50-ге жуық бала қатысты.
Вокзал холлында жарық шамдармен безендірілген үлкен шырша орнатылды. Полицейлер балаларға сыйлық тарату үшін Аяз Ата мен Ақшақарды арнайы шақырды. Көңілді әуендер шырқалды. Кішкентай балақайлар ертегі кейіпкерлеріне тілектерін айтып, ән шырқап, би биледі, жаңа жылдық өлеңдер оқыды.
– Көтерінкі көңіл-күй, мерекелік атмосфера бүлдіршіндердің есінде ұзақ уақыт сақталатын болды. Олардың жүректеріне қуаныш, жылулық пен махаббат сыйлау біз үшін өте маңызды, – дейді Астана станциясындағы ЖПБ бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев.
Салтанатты түрде бой түзеген тәртіп сақшылары пойыз жолаушыларын қарсы алып, ата-аналарымен бірге сапарға шыққан бүлдіршіндерге тәттілер таратып, сыйлықтар берді.
Көлік полицейлері барлығына зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасылық бақыт пен сәтті сапар тіледі. Сонымен қатар полицейлер оларға теміржол нысандарында болған кезде тәртіп ережелерін сақтау керектігін түсіндіріп, арнайы дайындалған жадынамалар таратты.
Өз кезегінде жолаушылар да мереке қарсаңындағы полицейлердің мұндай сый-құрметі үшін зор алғыстарын білдірді.
– Шынында да, полицейлердің құттықтауы біз үшін тосын сый болды. Мерекелік көңіл-күй сыйлағандарыңызға көп рақмет, – дейді Әміржан және Айсұлу есімді жолаушылар.
Олар үш баласымен бірге Қостанай қаласына бара жатқандарын айтты.
– Жаңа жыл мерекесі- сыйлықтар беріп, алатын дәстүрлі мейрам. Сондықтан біз жолаушыларымызды, әсіресе, балаларды қуантқымыз келеді, – дейді Көліктегі ПД ресми өкілі Ләззат Қасымжанова.
Тіпті, полицейлер жолаушылардың вагондарына аман-есен жетіп, орындарына жайғасуларына да көмектесті.
Жаңа жыл қарсаңында департамент қызметкерлерінің ерекше құттықтаулары еліміздің басқа да теміржол вокзалдары мен әуежайларында ұйымдастырылды.