Ақтөбе облыстық ПД бастығы ардагерлермен кездесіп, тәлімгерлік мәселелерін талқылады
Ақтөбе облысының полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен аға буын өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Департамент қабырғасында өткен басқосудың басты мақсаты – ішкі істер органдарының иығына жүктелген қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықтың тыныштығын қорғау ісінде – осы салада сан жылдар бойы абыроймен қызмет еткен, көрген-білгені маржан, түйгені мол сала ардагерлерінің ақыл-кеңесі мен таным-тәжірибесіне жүгіну.
– Бүгін сіздермен кездесіп отырғанымызға өте қуаныштымыз. Полиция қызметкерлеріне қатысты айтылған әрбір алғыс сөздерге мерейлеріңіз өсіп, әрбір сын-ескертпелерге қабырғаларыңыз қайысып жүретіндеріңіз, бізді үнемі қолдап жүргендеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Алдыңғы буын аға-әпкелеріміздің ақыл-кеңестері мен ұсыныстары біз үшін аса маңызды, әрі бағалы, – деді Абай Жусупов.
Сонымен қатар ПД бастығы күн тәртібінде Ішкі істер министрінің бастамасымен және қолдауымен ІІО ардагерлері қатарынан Тәлімгерлер кеңесін құру екендігін айтты. Ардагерлер өз тарапынан полиция қызметін жетілдіруге қатысты ұсыныс-тілектерімен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты құнды ақыл-кеңестерімен бөлісе отырып, Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелерін сайлады.
Ашық дауыс беру нәтижесінде бірауыздан полиция департаментінің Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы болып ІІО ардагері Жақсылық Нысаналин, орынбасары болып Лаура Забихова сайланды, сонымен қатар кеңестің жеті мүшесі сайланып, алдағы кезеңге жоспарлары да айтылды.
Аға буын ардагерлер өз тарапынан тәртіп сақшыларына қолдау көрсетуге әрдайым дайын екенін, әсіресе халыққа жақын полицияны қалыптастыруға мейлінше мол қолдау көрсету үшін, азаматтармен тікелей жұмыс жасайтын қызметкерлердің жанынан табылуға әзірлігін жеткізді. Жиын соңында департамент бастығы алтын уақытын бөліп келген ардагерлерге алғысын жеткізіп, оларға денсаулық, сарқылмас қуат тілей отырып, көрген-түйгені мол сала майталмандарының қолдауымен полицияның жұмысы оң бағытта жандана түсетініне зор сенімін білдірді.