СҚО-да облыстық маңызы бар жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау мәселесі талқыланды
СҚО полицейлері жол ұйымдарымен бірге облыстық маңыздағы жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау сұрақтарын талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауа температурасының күрт төмендеп көтерілуі, қыстың басында түскен жауын-шашын Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында қалың мұз бен басылған қардың пайда болуына алып келді. Полиция қызметкерлері жолдарға күшейтілген түрде тексерулер жүргізіп, адамдардың арыз-шағымдарына қатысты шаралар қабылдап жатыр. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында проблемалық учаскелерді анықтайды. Қаңтар айында автомобиль жолдарына және көше-жол желісіне 2,5 мың шақырымды қамтитын 241 тексеру жүргізілді. Жол қозғалысының қауіпсіздігіне теріс әсер ететін 348 кемшілік анықталды, 51 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алайда, полицейлердің мақсаты – жазалау емес. Тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігін нығайту үшін мүдделі органдармен тығыз қарым-қатынас жасайды. СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы жергілікті атқарушы органдармен және жолдарды күтіп ұстауға жауапты мердігер ұйымдармен кезекті кездесу өткізді. Бейнеконференциялық байланыс режимінде аудандық полиция бөлімдеріндегі жол-техникалық инспекциясы топтарының жетекшілері қатысты. Кездесуде жол үстіне шашылатын материал мен ауыр техника жетіспей қалған жағдайда қарастырылған резервтер, ауа-райының нашарлауы кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібі талқыланды.
– Көбінесе барлық бағыттағы жолдарды жабу тәжірибесін кеңінен қолдану туралы шешім қабылданды. Боранды күні арнайы техниканы жоспарлы түрде жолдарды тазалаудың орнына омбы қарда батып қалған көліктерді шығаруға жіберуге тура келеді. Бұдан бөлек, жедел жәрдем сияқты шұғыл қызметтердің автокөліктеріне жол ашып беру үшін де қосымша резервтер қажет. Аудандық полиция бөлімдеріне жол апаттары туындауы мүмкін қауіпті учаскелерде жылдамдықты уақытша төмендету және қар тазалау жұмыстарын тұрақты бақылауға алу туралы тапсырма берілді, – дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.