Петропавлда бір күнде қабылдап-тарату орнына 123 адам жеткізілді
Петропавл полицейлері бір күнде қабылдап-тарату орнына тұрғылықты мекенжайы жоқ 123 адамды жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлдық полицейлер тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды анықтау бойынша ауқымды рейдтік іс-шара өткізді. Теміржол вокзалы, Пирамида сауда үйінің маңы, Дария базары, Океан сауда үйінің маңындағы жылу құбырлары, Жұмысшы кенті және қаңғыбастар жүруі мүмкін тағы да басқа орындар басты назарда болды.
Полиция қызметкерлері бір күнде қабылдап-тарату орнына тұрғылықты мекенжайы жоқ 123 адамды жеткізді. Олардың 20-сы бұрын сотталғандар, 15-і полицияның түрлі есептерінде тұрғандар, оның ішінде 9-ы – ұры. екеуі – телефон ұрлаушы санатындағылар.
Барлығының саусақ іздері алынып, фото-видео тіркеуге қойылды, іздеудегі тұлғалардың тізімі бойынша тексерілді.
– Осындай рейдтік іс-шаралардың мақсаты – үй-күйсіз жүргендердің аязды күндері үсіп қалмауын, өмірін сақтау, криминогендік жағдайдың ушығуына жол бермеу, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу. Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдардың жиналатын орындары туралы “102” арнасына не болмаса “102” мобильдік қосымшасын пайдаланып хабарлауға болатындығын еске саламыз (ҚР ІІМ-нің ресми қосымшасы, оны App Store және Google Play жүйелерінен жүктеп алуға болады). Қалалық полиция басқармасы құрамындағы қабылдап-тарату орнының кезекші бөлімінің телефоны: 8 (7152) 52-92-99, – дейді Петропавл қалалық ПБ бастығы Марат Жұмалиев