Алматы облысында заңсыз еңбек етіп жүрген шетелдік азаматтар анықталды
Алматы облысының полициясы заңсыз еңбек етіп жүрген шетелдік азаматтарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы ПД экстремизмге қарсы іс- қимыл басқармасы мен көші-қон қызметі басқармасы қызметкерлері “Мигрант” жедел алдын алу шарасын өткізу кезінде Іле ауданы аумағында орналасқан қоқыс полигонынан Өзбекстан Республикасының 40 азаматы ұсталды. Тексеру кезінде олардың жеке басын куәландыратын құжаттары болмады.
– Көрші елдің азаматтары көші-қон заңнамасын бұза отырып, аталған қоқыс полигонында заңсыз еңбек еткен. Шетелдік азаматтар жеке басын анықтау үшін Іле ауданы ПБ-ға жеткізілді. Олардың жеке басы анықталғаннан кейін, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады, – деді Алматы облыстық полиция бастығы Бауыржан Әленов.