СҚО ПД музейінде жастар мен жауынгер-интернационалистер кездесті
Ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылған күніне орай Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің музейінде ішкі істер органдарының ардагерлері қалалық колледждің студенттерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауғанстан Демократиялық Республикасында мерзімді әскери қызметін өтеп, еліне оралған соң солтүстікқазақстандық полиция қатарында 1990 және 2000 жылдары 24 қызметкер еңбек етті. Жуынгерлік тәжірибесі бар қызметкерлер туған өлкелеріндегі полиция қатарында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында түрлі лауазымдарда мінсіз қызмет атқарды. Бүгінде олардың барлығы зейнет демалысында. Бірақ олардың барлығы да полиция департаментімен үнемі байланыста. Жауынгер-интернационалистер патриоттық іс-шараларға қатысып, жас қызметкерлермен, жастармен кездеседі.
Ауғанстан жерінен әскерлердің шығарылуына 35 жыл толуына орай жауынгер-интернационалистер – Давыд Шнайдер, Бағдат Ешманов, Владимир Шмалько ведомстволық музейде өткен экскурсия шеңберінде Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің екінші курс студенттеріне қызмет атқарған жылдары мен өздері қатысқан ұрыстар жайлы айтты. Ардагерлердің әңгімелерін жастар ұйып тыңдады, қызықтырған сұрақтарын қойды. Бүгінгі күннің жастарына ардагерлер үнемі білімдерін арттырып отыруды айтып, бейбітшілікті бағалай білуге кеңес берді.
Әсерлі кездесу 1979-1989 жылдары болған Ауған соғысының тарихы туралы деректі фильмді музейдегі кинозалда тамашалауға ұласты.
Аталған іс-шараны СҚО полиция департаменті музейінің қызметкерлері мен колледж ұстаздары ұйымдастырды. ПД музейінің меңгерушісі Любовь Осинскаяның айтуынша, осы кездесудің музейде, әсіресе, сол жылдарға арналған экспозициялардың жанында және соғыс даласында тау мен тастың арасында қанды күреспен бетпе-бет келген ардагерлермен өткені ерекше әсер бермек. Өйткені, адамдар бірнеше жылға созылған соғыстың тарихымен тек музейлерден көріп, өз көздерімен жолдастарының жанқиярлық ерліктеріне куә болған жауынгерлерден естіп таныса алады.