Екібастұзда полиция қызметкерлері қарсы жолаққа шыққан көлікті анықтады
Екібастұзда полиция қызметкерлері қарсы жолаққа шыққан көлікті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұзда полиция қызметкерлері қарсы жолаққа шыққан Hyundai Creta көлігін тізгіндеген әйелді ұстады.
– Екібастұз қаласының М. Әуезов көшесінде қала тұрғыны Hyundai Creta көлігін басқарып, қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шықты. Жүргізушіге қатысты әкімшілік материал толтырылып, сотқа жіберілді. Осы бұзушылық үшін автобикеш 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін. – Қарсы қозғалыс жолағына шығуға байланысты апаттар салдары бойынша ең ауыр, өйткені мұндай маневр жасаған жүргізушілер жылдамдықты асырады, – дейді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Бұл бұзушылық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды.
Осылайша, аталған іс-шараның 9 күнінде полицейлер 4 мыңға жуық ЖҚЕ бұзушылықтарын анықтады, оның ішінде 1177-сі белгіленген жылдамдық режимін бұзғаны үшін, 475-і жолаушыларды тасымалдау кезінде талаптарды сақтамағаны үшін, 260 жүргізуші маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін тартылды, бұдан басқа 4 жүргізуші қарсы жолаққа шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, аталған шара осы жылдың 29 ақпанына дейін жалғасады.