Жетісу облысы ПД бастығының орынбасары полицейлермен мотивациялық кездесу өткізді
Жетісу облысы ПД бастығының орынбасары Мадияр Омаров полицейлермен мотивациялық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының полиция департаменті бастығының орынбасары Мадияр Омаров өңірдің патрульдік полицейлерімен мотивациялық кездесу өткізді.
– Біріншіден, сіздерге алғысымды білдіргім келеді. Қандай ауа райы болса да, қандай күрделі жағдай болса да, сіздер тәулік бойы алдыңғы қатарда тұрасыздар. Дәл сіздер азаматтармен бірінші болып сөйлесіп, полицияның бет-бейнесі болып табыласыздар, сондықтан ішкі істер органдары туралы халықтың пікірі сіздердің сауаттылық пен кәсіби деңгейлеріңізге тікелей байланысты. Сондықтан әріптестер, мемлекетімізге адал қызмет етейік, – деп бастады өзінің сөзін Мадияр Омаров.
Жеке құрам арасында моральдық-психологиялық ахуалды нығайту, қызметкерлердің жедел міндеттерді тиімді орындауға дайындығы мәселелері талқыланды. Облыстық департамент бастығының орынбасары патрульдік полицейлер құқық бұзушылықтың алдын алуға, бірінші кезекте қоғаммен тығыз серіктестікте өзекті мәселелердің шешімін табуға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
– Полиция қызметкерлерінің әдеттегіден тыс жағдайларға тап болуы сирек кездесетін жайт емес: депрессияға немесе өмірде кездесетін қиын жағдайға ұшыраған адамдарға құқықтық көмек пен қолдау көрсету қажеттілігі. Осыдан он күн бұрын біздің әріптестеріміз тұрмыстық мәселелерге байланысты өмірден бас тартуға бел буған жас жігіттің өз-өзіне қол жұмсау фактісіне жол бермеді. Адамның өмірін сақтау – үлкен ерлік. Бұл жұмысты одан әрі жалғастырып, кәсіби дағдыларды жетілдіру қажет, – деді М.Омаров.
Одан бөлек, тәртіп сақшыларына басшылық құрамды аттестаттау үшін әзірленген тәсілдер түсіндіріліп, сондай-ақ Президенттің полицияның алдына қойған негізгі басымдықтары мен ішкі істер министрі Ержан Сәденов жүктеген міндеттер туралы айтылды.
Үздік патрульдік полицейлер алғыс хаттармен, Рүстем Қайдаров пен Алмагүл Күлбаеваның «Әбдірахман Айтиев: халық үшін өмір», сондай-ақ «Жизнь, прошедшая не зря…» екі соғыс ардагері генерал Әбдіқадыр Болсамбековтің естеліктері туралы баяндайтын кітаптарымен марапатталды.
– Аты аңызға айналған генерал Әбдіқадыр Болсамбеков пен көрнекті қоғам қайраткері Әбдірахман Айтиевтің өмірі мен қызметі туралы кітаптар сіздерге қосымша өмірлік мотивация беріп, өз кітаптарыңыздың арасында құрметті орынға ие болсын. Сіздердің әрқайсыларыңызға жұмыстарыңызда сәттілік, сарқылмас қуат және жолдағы қызметтеріңізге жақсы көңіл күй тілеймін, – Мадияр Омаров өз сөзін осындай тілектермен аяқтады.
Іс-шара соңында қызметкерлер спикерге өз сұрақтарын қойып, оларға толық жауаптар ала алды. Полиция департаментінің басшылығы жеке құраммен осындай мотивациялық кездесулерді тұрақты негізде өткізетінін атап өткен жөн.