Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл теміржол төсемін белгіленбеген жерден кесіп өткен 6 мыңнан астам азамат анықталды

Биыл 6000-нан астам азамат белгіленбеген жерден темір жол төсемін кесіп өткені үшін жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен аптада көліктегі полиция департаментінде пойыздардың адамдарды қағып кетудің 5 фактісі тіркелді. Жазатайым оқиғалар Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының аумағында болды. Үш факті бойынша адамдар теміржол жарақатын алса, екеуі өліммен аяқталды. Бұл туралы департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, көліктегі ПД қызметкерлері теміржол төсемінде жарақат алу мен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрғындармен және оқу орындарының оқушыларымен тұрақты негізде кездесулер өткізіп тұрады. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде осы кезеңде департаментте жылжымалы құрамның балаларды қағып кетудің бірде-бір фактісі тіркелген жоқ. Десек те, кейбір азаматтар теміржол көлігі объектілеріндегі қауіпсіздік ережелерін бұзуды жалғастыруда, ал оның соңы ауыр зардаптарға әкеп соғады.

– Осы жылдың басынан бері теміржол көлігіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзудың, яғни азаматтардың белгіленбеген жерлерден теміржолды кесіп өтудің 6179 фактісі анықталды. Сондай-ақ теміржолда адамдардың, үй жануарларының болуына және бөгде заттарды қоюға байланысты поездарда шұғыл тежеуді қолданудың 280-нен астам фактісі тіркелді. Теміржолдағы қауіпсіздік тақырыбы өте өзекті мәселе. Азаматтар көбінесе, аспалы көпірлерден өтпей, жолды қысқарып, уақытты үнемдегісі келеді. Мұның соңы теміржол жарақатын алуға немесе адам өлімі жағдайларына әкеп соғады. Сондықтан бір минутты үнемдеймін деп өміріңізді қысқартып алмаңыз. Ең бастысы, бірнеше қарапайым ережелерді есте сақтаған жөн: “Теміржол жаяу жүргіншілерге арналған жол емес!”, “Теміржол ойын алаңы емес!”, “Теміржол – аса қауіпті аймақ!”, – деді М. Айтуғанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру