СҚО полицейлері үшін бірқатар психологиялық тренинг өткізілді
Полиция департаментінің инспектор-психологтары жеке құрамға топ құрамында әрекет етуді үйрету бойынша бірқатар тренинг өткізді. Оларға облыстық және қалалық полицияның барлық бөліністерінің қызметкерлері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел уәкілдер, патрульдік полицейлер, штаб бөліністерінің қызметкерлері ондаған жаттығуды орындады. Әр жаттығу мұқият ойлау мен іс-қимылдың үйлесімділігін талап етеді. Тренингтің барлық кезеңі қатысушылар үшін жаңа әрі таныс емес болып шықты.
Тренинг соңында қатысушыларға «Ішкі магнит» деп аталатын аутогенді жаттығу өткізілді.
– Осындай жаттығулар ұжымды біріктіруге, топ құрамында әрекет ете білуге және психоэмоционалдық күйзелісті алып тастауға бағытталды. Мұндай тренингтерді біз тренингтік залда ғана емес, ашық аспан астында, табиғат аясында да өткіземіз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – дейді СҚО ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ләззәт Мүртәлімова.
Тренинг қатысушылары қызықты жаттығуларды, психологиялық әдістерді ұйымдастырушыларға және басшылыққа алғыстарын айтып, алған әсерлерінің арқасында қызметтік міндеттерін ерекше талпыныспен орындайтындықтарын атап өтті.