Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланның офицері халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды

Ұлттық ұланның офицері халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінің спорттық командасын даярлау орталығының аға маманы Тимур Қабдешов Әзербайжан елінің астанасында бокстан өтіп жатқан “Ұлы Жібек жолы” халықаралық турнирінде 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды.

Финалдық кездесуде отандасымыз өзбек боксшысы Худжаназар Нортожиевтен жеңілді.

Бірінші секундтардан бастап шабуылға кіріскен Тимур Қабдешев өз үстемдігін көрсетуге тырысқан еді. Ал екінші раундта жақын айқасқа көшкен ол қарсыласын есеңгіретіп те тастады. Алайда қарсыласының баспен ұмтылған сәтінде жерлесіміздің қабағы жарылды. Салдарынан үшінші раундта дәрігер жекпе-жекті тоқтату жөнінде төрешіге кеңес беріп, кездесу тоқтатылды. Осылайша, Тимур Қабдешев жарақатына байланысты өзбек боксшысына есе жіберді.

Финалдық кездесуге дейін жетуім жақсы дайындығымның нәтижесі. Турнирдегі қарсыластарым да осал болған жоқ. Шешуші сәтте болған тосын жағдай кездесудің тағдырын өзгертіп жібергені өкінішті-ақ. Бұйырса, кеткен есені әлі-ақ қайтарамыз. Жеңісті күндер алда. Осы ретте маған халықаралық додаларда бақ сынауыма мүмкіндік берген Ұлттық ұлан Бас қолбасшысына және бапкерлеріме алғыс айтамын, – деді Тимур Қабдешев.

Айта кетейік, “Ұлы Жібек жолы” халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 3-орынды иемденді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру