Жетісу облысында ер адам туысқанының атынан бірнеше несие рәсімдеген
Жетісу облысында ер адам туысқанының атынан бірнеше несие рәсімдеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Текелі қаласында ер адам өзінің туысының атынан бірнеше несие рәсімдеген. Алаяқ егде жастағы туысының сеніміне кіріп, оның атынан онлайн несие рәсімдеп, ақшаны өзіне аударып отырған.
– Жәбірленуші әйел адам полицияға оның телефонына несиелер бойынша берешекті өтеу туралы sms-хабарламалар түсе бастағанда жүгінген. Әйел адам несие алмағанын атап өткен. Полицияға хабарласқаннан кейін оның туысы телефоны мен құжаттарға еркін түрде қол жеткізгені анықталды. Осы деректерді пайдалана отырып, ол шағын мөлшерде онлайн несиелерді рәсімдеген. Алаяқ алған ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Сонымен қатар ол туысқанының шотындағы зейнетақы жинақтарын да өзінің шотына бірнеше рет аударған, – деп полицияда хабарлады.
Текелі қалалық соты ер адамды кінәлі деп танып, келтірілген залалдың толық өтелуімен екі жылға бас бостандығына шектеу жазасын тағайындады.
– Жасыратыны жоқ, алаяқтардың құрбандары көбінесе егде жастағы адамдар болады, себебі бұл адамдардың ең осал және сенгіш санаты. Қазір онлайн несие алу өте оңай, сондықтан қарт адамдарға несие алудан бас тартқан дұрыс. Ең тиімді және жылдам әдіс онлайн несие беруден ерікті түрде бас тарту. Мұны істеу оп-оңай. Телефонға «Egov mobile» қосымшасын жүктеп, тіркелу қажет. «Қызметтер» тізбесіне «бас тарту» сөзін жазып, «банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» функциясын таңдаңыз, – деп қосты ведомствода.