Ақтөбелік тұрғындар әлеуметтік желілерде полициямен тығыз байланыста
Күн сайын полицияның әлеуметтік парақшаларына бейжай қарамайтын тұрғындардан түрлі хабарламалар, фото-бейнежазбалар түседі. Азаматтар әлеуметтік желілер арқылы көбіне жол қозғалысы ережелерін бұзушылар, қоршаған ортаны пайдалану ережелерін бұзғандар, оның ішінде талдарды заңсыз кесу, тұрмыстық қалдықтарды тастау түріндегі бұзушылықтарға қатысты жазбалар жібереді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұндай хабарламаларға жедел ден қойылып, оқиға орнына полиция қызметкерлері жіберіледі. Түрлі оқиғалар мен бұзушылықтарға қатысты полицияға түсетін хабарламалар саны аптасына 100-ге дейін жетеді.
Мысалы, сәуір айында polisia_aqtobe инстаграм парақшасына Ақтөбе тұрғынынан Тургенев көшесіндегі көпқабатты үйдің кіреберісінің алдына жүк көлігін күндіз жүйелі түрде қойып, тұрғындардың қоларбамен және мүгедектер арбасымен кіріп-шығуына кедергі келтіретін жүргізушіге қатысты шара қолдану туралы фотохабарлама түсті. Оқиға орнына полиция жасағы жолданып, жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды және қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Полиция қызметкерлері күн сайын әлеуметтік желілерге, БАҚ-қа мониторинг жүргізеді. Тұрғындармен айтылған хабарламалар мен сұрақтар, ұсыныс-тілектер міндетті түрде қаралып, тиісті шаралар қабылданады. Бұл ретте, тәртіпсіздіктерге, қала тазалығына, жол қауіпсіздігіне бейжай қарамай, полицияға уақытылы хабарлап, ынтымақтастық танытатын тұрғындарға алғысымызды білдіреміз. Халықпен байланыс – біз үшін аса маңызды, бұл заңдылық пен тәртіп қағидатының қатаң сақталуының кепілі, – дейді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.