Абай облысының полицейлері жүргізушілерді көлікті дұрыс қоюға шақырады
Абай облысының полицейлері жүргізушілерді көлікті дұрыс қоюға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Айыппұлдар мен жазаларға қарамастан, семейліктер жол ережелерін белсенді түрде бұзуды жалғастырып келеді. Жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі – жол белгiлерiн немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбаларда көрсетiлген талаптарды сақтамау.
Мысалы олар «аялдауға тыйым салынады» белгісін елемей қоя салуы мүмкін. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 601-бабына сәйкес, бұл үшін 3 АЕК немесе 11 076 теңге көлемінде жаза қолданылады.
Тұрақ пен аялдама ережелерінің бұзылуына жол бермеу мақсатында Абай облысы ПД патрульдік полиция батальоны облыс орталығының қарбалас көшелерінің бірінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тұраққа қате қойылған көлік өмірлік маңызды қызметтер – жедел жәрдем, өрт сөндірушілердің көліктерінің өтуіне кедергі келтіретін жағдайлар кездеседі. Мұндай бұзушылықтарға немқұрайды қарауға болмайды, өйткені автокөлік иелері жол қозғалысының басқа қатысушыларына қолайсыздық туғызып қана қоймай, төтенше жағдайлар туғызады.
Абай облысы полиция департаменті жүргізушілерді ҚР жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және заңдылықтың бұзылуына жол бермеуге шақырады.