Астанада "Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!" акциясының қорытындысы шығарылды
Астанада "Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!" профилактикалық акциясының қорытындысы шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада 14-16 қыркүйек аралығында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған "Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!" профилактикалық акциясы өтті.
Акция барысында полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің Жол жүрісі қағидаларын сақтауына бақылауды күшейтті. Атап айтқанда, қиылыстардан өту қағидаларын бұзудың 127 дерегі, сондай-ақ жаяу жүргіншілер тарапынан жасалған 400-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды.
Балалар арасында профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінді. Білім беру ұйымдарында 46 профилактикалық дәріс пен түсіндіру сабағы өткізіліп, оқушыларға жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидалары, жолдың жүріс бөлігін тек белгіленген орындардан кесіп өту қажеттігі және білім беру ұйымдарының маңында аса мұқият болу керектігі түсіндірілді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарының, қоғамдық көлік аялдамаларының, сауда нысандарының және жаяу жүргіншілер көп шоғырланатын басқа да орындардың маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдері мен оған іргелес аумақтардың жай-күйін тексерді. Жол белгілерінің, жол таңбаларының, жарықтандырудың және жаяу жүргіншілер қоршауларының болуы мен жағдайына назар аударылды.
Жаяу жүргіншілерге жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыстың негізгі қағидалары көрсетілген ақпараттық жадынамалар да таратылды.
