Астанада полиция заңсыз жазуларға қарсы күресті күшейтті
Астанада ғимараттардың қабырғаларын, қоршауларға және қалалық инфрақұрылымның басқа да нысандарына салынған заңсыз граффитилерді, жазулар мен суреттерді анықтау және жою жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері мұндай жазуларды, соның ішінде тыйым салынған заттардың жарнамасын анықтап, оларды салуға қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша жұмыс жүргізеді. Тиісті қызметтермен бірлесіп, жазуларды өшіріп, бүлінген нысандарды қалпына келтіру шаралары қолға алынады.
Мұндай жазулар қаланың көркін бұзып қана қоймай, тыйым салынған заттардың жарнамасын тарату үшін де пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан полиция бұл бағыттағы жұмысты тұрақты түрде жүргізіп, құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың алдын алуға басымдық береді.
Полиция ғимараттар мен өзге де нысандарға меншік иесінің келісімінсіз жазу немесе сурет салу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.
