Түркістан облысында рейд барысында жалпы көлемі 20 тонна заңсыз төгілген қоқыс табылды
Түркістан облысында бір аптада 20 тонна қоқыс анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері қоршаған ортаның тазалығын сақтау және табиғатқа зиян келтіретін құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында рейдтік-профилактикалық жұмыстарды күшейтті.
Апта қорытындысы бойынша Кентау қаласында жүргізілген рейдтер барысында белгіленбеген орындарға төгілген жалпы көлемі 20 тонна қоқыс анықталды. Қазіргі уақытта әрбір дерек бойынша құқық бұзушыларды анықтау және заң аясында тиісті шаралар қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Мәселен, полицейлер Момышұлы көшесінің бойында белгіленбеген жерге күл-қоқыс төккен азаматты анықтады. Құқық бұзушыға төгілген қоқысты тазарту міндеттеліп, оған қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Жалпы жыл басынан бері Кентау қаласында осы бағытта 487 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылданған.
Полиция қызметкерлері қоршаған ортаның тазалығын сақтау және осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бақылау мен профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырады.
