Маңғыстауда сотталғандар арасында ұлттық ойындардан жарыс өтті
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №43 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі қазақ ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайыс бағдарламасына асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту және бұқа тартыс ойындары енгізілді. Қатысушылар мергендік, ептілік, шапшаңдық, күш пен зерделіліктерін сынап, өзара ұйымшылдық пен төзімділіктерін көрсетті.
№43 мекеме бастығы Сансызбай Аминовтың айтуынша, мұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор.
– Ұлттық ойындар – халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеудің тиімді жолдарының бірі. Мұндай жарыстар сотталғандардың бос уақытын мазмұнды өткізуімен қатар, олардың тәртібін нығайтып, өзара сыйластық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Сансызбай Аминов.
Ұлттық ойындарды ұйымдастыру – сотталғандармен жүргізілетін тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Спорттық және зияткерлік сайыстар олардың дене дайындығы мен ойлау қабілетін жетілдіруге, белсенді өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақтың ұлттық ойындары – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тарихи-мәдени мұра. Оларды дәріптеу – ұлттық құндылықтарды сақтап, кейінгі буынға жеткізудің маңызды тетігі.
