Қызылордада 500-ден астам полицей сенбілікке шықты
Қызылордада 500-ден астам полицей сенбілікке шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоршаған ортаны таза ұстау күрделі де өзекті мәселе. Себебі, қоршаған орта мен экологиялық тазалық – тұрғындар үшін аса қажетті құндылықтардың бірі. Ал тазалық пен ұқыптылық әрбір адамның туған мекеніне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Қоғам үшін пайдасы зор осынау істі әрбір жан азаматтық борышым деп санауы керек. Бұл мақсатта республикалық «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық айлықтары басталды.
Қаланы көгалдандырумен қатар күл-қоқыстан тазарту жұмыстарынан қызылордалық тәртіп сақшылары шет қалған емес. Міне, бүгін табиғаттың тынысын ашу мақсатында Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимовтың бастамасымен 500-ден астам жеке құрам қызметкерлері, түгелдей сенбілікке шықты.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, тәртіп сақшылары бір кісідей атсалысты. 100-ге жуық көшет отырғызумен қатар, департамент ғимаратының аумағын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары да жүргізілді. Бірлескен әрі жұдырықтай жұмылып ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесінде ғимарат аумағы көркейіп, әсемдене түсті. Осылайша, әрбір полицей қаламыздың тазалығына өз үлесін қосып, азаматтық ұстанымын білдірді.
Айта кетерлігі, мұндай сенбіліктерге барлық аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері қатысып, үлестерін қосуда.