Жыл басынан бері экологиялық заңнаманы бұзудың 7 мыңнан астам фактісі анықталды
Жыл басынан бері тәртіп сақшылары экологиялық заңнаманы бұзудың 7 мыңнан астам фактісін анықтады. Бұл туралы ІІМ брифингінде айтылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заңсыз айналымнан тыйым салынған 15 мың метрден астам балық аулау торлары, 9 тонна балық және балық өнімдері, шамамен 3,5 мың ақбөкен мүйізі, 135 аңшы мылтығы, 81 текше метр заңсыз кесілген ағаштар тәркіленді.
Балық өнімдерінің заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында Жайық-Каспий бассейні аумағында «Бекіре» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
– Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында бір үйде тінту жүргізу барысында жалпы салмағы 72 кг болатын 13 дана бекіре балығы тәркіленді.
Атырау облысында Жайық жағалауын патрульдеу кезінде күдіктілерден 6 қапшыққа салынған 30 дана бекіре және сазан балықтары табылып, «Бекіре тұқымдас балықты өсіру зауытына» тапсырылды, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Сонымен қатар қазір республика көлемінде халықтан заңсыз сақталған қару мен оқ-дәрілерді сатып алу акциясы жүргізіліп жатыр.
Акция басталғалы бері ішкі істер органдарына азаматтар тарапынан 422 атыс қаруы тапсырылды.