Ақтөбеде пробация қызметкерлері сотталғанды жұмысқа орналастырды
Ақтөбеде пробация қызметкерлері сотталғанды жұмысқа орналастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласы Алматы аудандық пробация қызметкерлері пробация есебіне алынған сотталғандарды қайта қылмысқа бармас үшін жұмысқа орналастыруды басты назарда ұстайды. Осы орайда Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, есепте тұрған Б. есімді азамат ТОО «Нағыз бетон Ақтөбе» зауытына жұмысқа орналасты. Айта кету керек, 42 жастағы бұл азамат ҚР ҚК-нің 188-бабы 3 бөлігі 3 тармағы бойынша бас бостандығынан шектелген.
Сотталғанның айтуынша, ол жаза басып, үлкен қателік жасаған. Қазіргі таңда өмірден өз орнын тауып, алдына мақсат қойып отыр. Жуырда қызметкерлердің көмегімен жеке куәлік алып, құжаттарын реттестіріп үлгерді.
– Пробация қызметкерлері маған күнделікті көмек көрсетіп жатыр. Міне, тұрақты жұмысқа да орналастым. Еңбектеніп жатырмын. Сол үшін пробация қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – деді пробация есебіндегі азамат.
Аймақтық пробация инспекторы Нұрлыбек Сапаргалиев пен инспектор-психолог Сәуле Сайманованың айтуынша, есепке алынған әрбір сотталғанның тұрмыстық жағдайы зерделеніп, бақылауға алынады. Жұмысқа орналасқаннан кейін, жұмыс орнынан тексеру жұмыстары жүргізіліп, қайта қылмыстың алдын алу мақсатында профилактикалық кездесулер тұрақты түрде жүргізіліп отыратынын атап өтті.