Ақтөбе облысының полициясы Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін атап өтті
Ақтөбе облысының полиция департаментінде Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні салтанатты түрде атап өтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты шараның алдында Ақтөбе облысы ПД бастығы Абай Жусупов пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Даулеталин қызметтік борышын атқару кезінде қаза болған қызметкерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батырларға құрмет көрсетті.
Әрі қарай департамент бастығы қызметте ерекше көзге түскен қызметкерлерге Ішкі істер министрлігінің және департамент бастығының марапаттарын тапсырды.
ҚР ішкі істер министрінің бұйрығымен ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтегенге және криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Константин Мариновқа «полиция полковнигі» арнаулы атағы мерзімінен бұрын берілді.
Сонымен қатар І дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен – 3, «Құқық тәртібін қамтамасыз ету үлесі үшін» медалімен -3, ІІМ Құрмет грамотасымен – 3, ІІМ грамотасымен – 3, ІІМ алғыс хатымен – 3 қызметкер марапатталды.
Облыстық ПД бұйрығымен 12 қызметкерге грамоталар және алғыс хаттар табыс етіліп, 67 қызметкерге алғыс жарияланды.
Сонымен қатар төрт жас полицейлердің ата-анасына департамент бастығының алғыс хаттары табысталды.
Марапаттау рәсімінен кейін полиция қатарын жаңадан толықтырған 12 жас қызметкерден салтанатты түрде ант қабылданды.
Абай Жусупов полиция ардагерлері мен қызметкерлерін қос мерекемен құттықтап, қызметтеріне алғыс білдірді.
– Қай заманда болса да, Отанын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Біздің отандастарымыз үшін бұл мереке – батырлық пен төзімділіктің, Отанға шексіз қызмет етудің белгісі. Біздің болашақ ұрпақ Отан қорғаушылардың ерлігін ешуақытта естен шығармауы керек. Барлық ардагерлер мен жауынгерлерді, Отан қорғаушыларды мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – деді департамент бастығы өзінің құттықтау сөзінде.