Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері интернет-алаяқтардың кең тараған әдістері туралы фильм түсірді 

СҚО полицейлері интернет-алаяқтардың кең тараған әдістері туралы фильм түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Желілік алаяқтардың айла-тәсілдерін әшкерелей аласыз ба? Сіз қылмыскерлерге банктік картаңызды бергеніңіз үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін екенін білесіз бе?

СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес тобының жедел уәкілдері «Путь обмана» фильмінде осы және басқа да сұрақтарға кеңірек тоқталды. Нақты фактілерге негізделген актерлардың өнерін тамашалайтын көрермендер интернеттегі алаяқтықтан қорғану жолдары туралы біле алады. Фильмнің түсірілуіне СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының басшылығы бастамашылық етті.

– Ең кең тараған қылмыстардың алдын алудағы осындай шаралар бүгінгі күннің талабы. Біз барлық қажетті ақпаратты бір фильмге тоғыстырып, жаңа форматта жеткізуге тырыстық. Көрермендерге қызықты болады деген сенімдеміз, – дейді аталған бөліністің бастығы Иван Терзиди.

Аталмыш жобаның сценарийін жедел уәкіл Милена Балацкая жазды. Полиция қызметкері кино өнерін зерттеп, атақты Квентин Тарантиноның әдістерін қолданудан бастады. Фильм әйел-полицей таңдаған әсерлі музыкадан басталады.

– Бала кезімнен классика жанры ұнайды. Түрлі мелодияларды тыңдап, көптеген идея ойыма келді. Соған сүйене отырып, сценарий жаза бастадым. Түсірілімге, монтажға жарты жылдай уақыт кетті. Қиын болғанымен, ерекше қызығушылықты оятты. Мемлекеттік органдардағы бөліністердің басшылары, «Qyzyljar» телеарнасының кәсіби мамандары, түсірілім алаңдарын ұсынған пәтер бюроларының әкімшілері және рөлдерде ойнап, дыбыстық сүйемелдеу жасаған петропавлдық театрлардың қызметкерлері үлкен көмек көрсетті, – дейді Милена.

Жарты сағаттық фильм 14 мамырда, «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы күнінде солтүстікқазақстандық полицияның ресми YouTube-арнасында жарияланды. Іс-шараның алғашқы күнінде СҚО полицейлері құқыққа қайшы контенті бар интернет-ресурстардың 20 сілтемесін анықтап, 6 қылмысты ашты. Оның ішінде 5 алаяқтық және 1 интернет-ұрлық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру