Алматы полициясы көші-қон заңнамасын бұзған 83 шетелдікті елден шығарды
Алматы полициясы көші-қон заңнамасын бұзған 83 шетелдікті елден шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселе, Қазақстанға көші-қон заңнамасын өрескел бұзып келген Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясының азаматтары туралы болып отыр. Полицейлер оларды «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы барысында анықтады.
– Іс-шара басталғалы 832 көші-қон заңнамасын бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 83 шетелдік ҚР-дан шығарылды. Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны үшін 319 шетелдік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктердің ҚР-да болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін 177 қабылдаушы тарапқа айыппұл салынды. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзған 23 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. ПД-ның қабылдап-таратуына жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 171 шетелдік орналастырылды, – дейді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.
Сонымен қатар Алматыда өткен ЖАІ күндерінде Қазақстаннан өз бетінше шығу туралы сот шешімін орындамаған 21 шетелдік ұсталды.