Елорда полицейлері жоғалған телефонды жедел тауып, иесіне қайтарды
Елордада тәртіп сақшылары жоғалған телефонды жедел тауып, иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға 56 жастағы қала тұрғыны Xiaomi Redmi 12 Pro телефонын әп-сәтте жоғалтып алғанын айтып хабарласқан.
Жұмысқа келіп, телефонының жоғалғанын байқаған ол, бірден өз нөміріне қоңырау шалған. Бірақ қоңырауы қабылданбаған. Жедел іздестіру шаралары барысында Астана қаласы полиция департаментінің жедел іздестіру бөлімінің қызметкерлері телефонды тауып алған жас жігітті анықтады.
Белгілі болғандай жеткізуші болып жұмыс істейтін жігіт әйелдің көліктен түсіп бара жатып телефонын түсіріп алғанын байқап, оны алуға бел буған. Телефонды иемденіп, арзан бағаға ломбардқа сатып жіберген.
Тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің нәтижесінде бейнебақылау камералары арқылы курьердің қозғалысы мен орналасқан жері бақыланып, бірден анықталған.
Астана тұрғыны полицейлерге телефонын жедел тауып қайтарғаны үшін алғысын айтып, видеохабарлама жолдаған.
– Жедел-іздестіру бөлімнің қызметкерлеріне рақмет. Екі сағаттың ішінде телефонымды тауып қайтаруға көмектесті, – деді ризашылығын білдірген Рахиля Гусейнқызы.