Алматы облысында интернет-алаяқтардың құрбандарына 8 млн теңгеден астам шығын өтелді
Алматы облысында интернет-алаяқтардың құрбандарына 8 млн теңгеден астам шығын өтелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында жыл басынан бері интернет-алаяқтардың құрбандарына сегіз миллион теңгеден астам шығын өтелді. Бұл туралы криминалдық полиция басқармасының бастығы Руслан Смағұлов, Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
– 14-16 мамыр аралығында облыс аумағында Аnti-fraud республикалық жедел алдын алу іс-шара өткізілді, оның мақсаты – технологияларды пайдалану арқылы жасалған құқық бұзушылықтарға, сонымен қатар интернет-алаяқтықтарға қарсы күресте тиімділікті арттыру, – дейді Р.Смағұлов.
Іс-шара барысында OLX онлайн-жарнама платформасы арқылы жоқ тауарларды сатумен айналысқан Әзірбайжан Республикасының 28 жастағы азаматы ұсталды. Сонымен қатар, онлайн-несие рәсімдеп, алаяқтықпен айналысқан әйел адам анықталды. Қазіргі уақытта оның осындай 10 фактіге қатысы бар екендігі дәлелденді.
Жедел-профилактикалық іс-шара қорытындысы бойынша полицейлер интернет-пайдаланушыларға қатысты алаяқтықтың 17 фактісін ашты, оның ішінде бұрын жасалған 14 қылмыс және контрафактілік өнімді сатудың 3 фактісі ашылды.
Анықталған қылмыстардың көпшілігі интернеттегі алаяқтықтың әр түрлеріне, соның ішінде фишингке, жеке мәліметтерін ұрлауға және заңсыз қаржылық операцияларға қатысты болды. Интернет-дүкендер мен әлеуметтік медиа платформалар арқылы таратылатын контрафактілік өнімдерге ерекше назар аударылды.
– Жыл басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтықтың 427 фактісі тіркелді. Қазіргі уақытта жәбірленушілерге 8 млн 789 516 теңге өтелді. Әрине, бұл сома шамалы, бірақ құқық қорғау органдары халық арасында ауқымды профилактикалық жұмысты жалғастыруда. Сонымен қатар, адамдар көп жиналатын жерлерде 37 акция өткізіліп, 13 000-нан астам парақшалар таратылды. Қоғамдық орындарда 12 билборд және 9 LED-экран орнатылды, – деп толықтырды Р. Смағұлов.