Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысында қызмет бабында қаза болған полицейдің құрметіне кадет сыныбы ашылды

Атырау облысында қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Шалқар Ақымғалиевтің атына кадет сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы Индер ауданында С. Сейфуллин атындағы орта мектепте қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полицей Шалқар Ақымғалиевтің құрметіне кадет сыныбы ашылды.

– ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес, Индер ауданында орналасқан С.Сейфуллин атындағы орта мектепте кадет сыныбы ашылды. Кадет сыныбына қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан полицей Шалқар Ақымғалиевтің есімі берілді.Сыныптың бір ерекшелігі мұнда пневматикалық мылтықпен атуға арналған тирмен қамтамасыз етілген. Сыныптың ашылу салтанатына қаза болған полицейдің анасы арнайы шақыртылды. Шара барысында мектеп оқушылары арасында атудан жарыс ұйымдастырылып, белсенділік танытып, жақсы көрсеткіштерге ие болған кадет сыныбының мүшелері марапатталды, – дейді Индер ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Арман Құбашев.

Кадет сыныбында тәртіп сақшысының үлгісі ретінде арнайы нысанды киім, стендтерде полиция қызметкерінің құрал-жабдықтары қойылған. Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатындағы кадет сыныбының ашылу салтанатына Шалқар Ақымғалиевтің анасы қатысып, ұлының ерлік ісін ескерусіз қалдырмай, жастарға дәріптеп, үлгі етіп отырған әріптестеріне алғысын білдірді.

Ал сыныптың алғашқы мүшелері өз Отанының қорғаушысы болуға, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытуға, Қазақстан жастары үшін нағыз ерліктің шынайы үлгісі болуға ант берді.

Тәлім-тәрбиесі, мақсаты ауқымды шарада полицей Ш. Ақымғалиевтің өмір жолы, ерлігі жайында деректері айтылып, бейбіт күннің батырына арналған бейнежазба көрсетілді.

Орталық көпірден суға секірген әйелді құтқарып қалып, өзі жағаға жете алмай, қайтыс болған полицейдің есімін ұлықтаған жұрт айрықша құрмет көрсетіп, 2019 жылы тәуелсіздік жылдарында қылмыспен күресте және азаматтардың өмірін қорғау жолында жанын қиған 3 полиция қызметкерінің фотосуреті мен есімдері ойып жазылған ескерткіш тақтасы бой көтерген болатын.

Олардың қатарында тәртіп сақшылары – Асқар Бисекенов, Нұрберген Өтемісов және Шалқар Ақымғалиев бар.

Шалқар Ақымғалиевтың отбасына Президент Жарлығымен III дәрежелі «Айбын» ордені табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру