Елордада жас жігіт жұмыс орнынан ойын приставкасын ұрлап, ломбардқа өткізіп жіберген
Елордада жас жігіт жұмыс орнынан ойын приставкасын ұрлап, ломбардқа өткізіп жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұрлық жасады деген күдікпен 20 жастағы қала тұрғынын «ізін суытпай» анықтады.
Тергеу барысында жас жігіт қаланың оң жақ жағалауындағы компьютерлік клубта жұмыс істейтіні белгілі болды. Мекемедегі вип-бөлмеде бейнебақылау камерасының істемейтінін білген қаскүнем қылмыстық оймен, 300 мың теңге тұратын Sony PlayStation 5 приставкасын алып кеткен. Жігіт ұрланған консольді ломбардқа өткізіп үлгерген.
Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жігіт мойындау көрсетпелерін берді, заттай дәлелдемелер тәркіленді. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.