Астана тұрғынының сырт киімін ұрлап кеткен күдікті дереу ұсталды
Астана қаласының полицейлері елорда тұрғынының сырт киімін ұрлап кеткен күдіктіні жылдам қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны жүгініп, сол жақ жағалаудағы сауда ойын-сауық орталығында белгісіз біреу оның күртесін ұрлап кеткені туралы арызданған.
Астана қаласы ПД криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасады деген күдікпен 22 жастағы қала тұрғынын «ізін суытпай» анықтады.
Белгілі болғаны қыз күндізгі уақытта сауда ойын-сауық орталығына келген. Ілініп тұрған әйелдер күртесіне көзі түскен қаскүнем қолайлы сәтті пайдаланып, алдымен оның әрекетін байқайтын куәгерлердің бар-жоғын тексеріп, содан кейін құны 150 мың теңге тұратын күртені жасырын алып, кетіп қалған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, қыздың елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуға, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.