Көлік полицейлері балаларға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырды
Көлік полицейлері балаларға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінде 1 – маусым Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай балаларға тосын сый жасалды. Арнайы ұйымдастырылған іс-шара ойын-сауық орталығында өтті. Мерекелік іс-шараға 1 жас пен 13 жас аралығындағы 100-ден аса көлік сақшыларының балалары қатысты.
Тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Мәдиев барлық балалар мен ата-аналарды мерейлі мерекемен құттықтап, өз тілектерін білдірді. Ол өз сөзінде халықаралық мерекенің басты құндылығы — ересектердің балаларды қорғап, қолдауы және оларға қамқорлық жасауы болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ ол әр бүлдіршіннің санасында кішкентай кезінен тәтті естеліктердің сақталып қалуы қажет екендігін айтып, жиналғандардың барлығына зор денсаулық, ашық аспан тіледі.
Мерекелік іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Балалардың көңілін көтеру үшін арнайы шақырылған аниматорлар мерекелік ойын-сауықтың сәнін келтірді. Қуанышқа толы көңілмен келген әрбір бүлдіршіннің сүйкімді жүздеріне күлкі үйірілді. Балалар ән айтып, би билеп, ойын ойнады.
Полицейлер уақытының көп бөлігін жұмыста өткізетіндіктен, отбасына жеткілікті дәрежеде көңіл бөле алмайды. Сондықтан департамент қызметкерлері бұл мерекені тағатсыздана күтіп, ерекше дайындалады. Балапандардың барлығына сыйлықтар мен тәттілер таратылды. Осындай керемет көңіл-күй сыйлағаны үшін ата-аналар да, балалар да риза болып, сақшыларға өздерінің жүрекжарды алғыстарын білдірді.