Жетісу облысының полицейлері жастардың радикалдануына жол бермеуге бағытталған кездесу өткізді
Жетісу облысының экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жастардың радикалдануына жол бермеуге бағытталған кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының полицейлері Зерттеу және оңалту орталығының теологымен бірлесе отырып, медициналық колледж студенттерімен қоғам мен жастардың радикалдануына жол бермеуге бағытталған кездесу ұйымдастырды.
ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрлан Беккәрімовтың айтуынша, жастар арасында радикалды көңіл-күйдің таралуының негізгі себептері басқалардың ықпалына ұшырау, білім деңгейінің төмендігі және жұмыссыздық.
– Жастар арасында салафизм идеологиясын ұстанушылардың өсу үрдісі байқалады. Жастарды радикалдандыру қоғамымыздың ең қауіпті және өзекті мәселелерінің бірі екендігі рас, – деп атап өтті Зерттеу және оңалту орталығының теологы Ерік Бөлекбаев.
Тағы бір маңызды мәселелердің бірі – Иегова куәгерлерінің идеологиясын таратушылар, олар үйлерді, пәтерлерді аралап, Иегова куәгерлерінің идеологиясына шақырып, адамдарды адастыратын ағымның кітапшалары мен әдебиеттерін таратады.
Діни қызметкерлермен бірлескен жұмыс халық пен жастар арасында профилактикалық іс-шаралар өткізуге бағытталған. Радикалданудың алдын алу, экстремистік идеологиялардың таралуы және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту үшін күш біріктіру маңызды.