Талдықорғанда ерлікпен қаза тапқан полицейдің құрметіне АӘД сыныбы ашылды
Талдықорғанда ерлікпен қаза тапқан полицейдің құрметіне АӘД сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласында № 17 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте осы мектептің түлегі, қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан Азамат Мұртбаевтың құрметіне АӘД сыныбы салтанатты түрде ашылды.
Азамат Мұртбаев 1990-2001 жылдар аралығында Талдықорған қаласындағы №17 мектепте оқыған. Саналы ғұмырын Отанға адал қызмет етуге арнап, Жетісу облыстық полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі болып қызмет еткен.
– Азамат 2016 жылдың 16 маусымында кешкі уақытта Талдықорған қаласындағы «Перекрёсток» дәмханасының жанында ер адам мен қыздың арасындағы жанжалдың куәсі болады. Кәсіби шеберлік пен батылдық танытып, мән-жайды анықтауға кіріскен. Алайда пышақпен қаруланған қылмыскер өлімге әкелген бірнеше жарақат салған. Полиция капитаны алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды, – дейді полиция департаменті бастығының орынбасары Мадияр Омаров.
Азамат Мұртбаев ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығымен қаза тапқаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Оның ерлігі отбасының, достарының, әріптестерінің жадында мәңгі сақталады.
№17 мектепте арнайы сыныптың ашылуы бүкіл мектеп пен қала үшін айтулы оқиға болды. Шараға Жетісу облыстық полиция департаментінің өкілдері, мектеп басшылығы, оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты. Мұртбаевтың отбасына ерекше көңіл бөлінді. Мерекелік шараға батырдың анасы Алма Көлбайқызы, жұбайы Зульмира Тайыржанқызы және екі баласы – Жанатов Сұлтан мен Жанатова Жасмина да қатысты. Оларға алғыс хаттар, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Жетісу облыстық полиция департаментінің басшылығы Азаматтың отбасына мемлекеттік және ұлттық мерекелерде тәттілер мен жеміс-жидектерге толы мерекелік себеттермен, балаларға арналған сыйлықтармен батырдың анасына барып ерекше қөңілдерін білдіріп тұрады. Мұндай күндері Азаматтың жұбайы балаларын отбасылық қарым-қатынастың жылылығын сезінсін деп апасына әкеп тұрады.
Арнайы сыныптың ашылуы Азамат Мұртбаевтың ерлігін еске алу мен құрметтеу ғана емес, жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәңі бар маңызды қадам. Бұл бұрыш барлық оқушыларға нағыз батырдың қандай болатының еске түсіріп, игілікті істерге баулиды.