Марқұм полицейдің жұбайына автокөлік кілті табысталды
Полиция күні қарсаңында спортшы сақшылар мен ұландар марапатталды. Сондай-ақ марқұм полицей Мадияр Қожановтың отбасына құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қатысты.
– 23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Осы мерекенің қарсаңында әлемдік деңгейде топ жарып жүрген және елдегі жарыстарда жетістіктерге жеткен спортшыларымызды атап өткіміз келді. Біздің «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамын білесіздер. Жалпы Қазақстанның ұлттық құрамасы 80% осы спорт ұйымының өкілдерінен тұрады, – деді Ержан Саденов.
– Сіздерді келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Еліміздің өркендеуі мен халқымыздың игілігі жолында қажырлы еңбек ете беріңіздер. Баршаңызға зор денсаулық, амандық, сарқылмас күш-қуат тілеймін! Ел іргесі бүтін, аспанымыз ашық, заманымыз бейбіт болсын! – деді Ермек Маржықпаев.
Жиынға қатысушылар спортшылардың алдағы олимпиада ойындарына дайындығын пысықтады. Оларға сәттілік пен жеңіс тұғырынан көрінуді тіледі. Мерекеге орай спорт саңлақтары қос ведомствоның бұйрығымен марапатталды.
Сонымен қатар жиында ақмолалық марқұм учаскелік полиция инспекторы Мадияр Кожановтың отбасына демеушілердің атынан автокөлік, министрлік атынан сыйлықтар табысталды. Темір тұлпар кілтін Қазақстан–Сібір тау–кен металлургия компаниясының өкілі Радислав Зиннатулин берді.
– Міне, 9 жыл өтсе де, біз әрқашан қолдау көріп келеміз. Қамқорлықтары біз үшін, балалар үшін маңызды. Алғысым шексіз. Еңбектеріне табыс тілеймін! Ұлым әке жолын қуып, ІІМ Алматы академиясына оқуға түсуді жоспарлап отыр, – деді марқұм полицейдің жұбайы Ботагөз Қожанова.