Қызылорда полицейлері «Құқықтық тәртіп» іс-шарасын қорытындылады
Қызылорда полицейлері «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы аясында 3,4 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласы полиция басқармасының тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігін сақтау және жедел жағдайды, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстың және өзге де құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу мақсатында 20-30 маусым күндері аралығында республика көлімінде «Құқықтық тәртіп» іс-шарасын өткізді.
Іс-шара барысында барлығы 3404 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде жол қозғалысы саласына қатысты – 2657, қоғамдық қауіпсіздік бойынша 747 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жол қозғалысы бойынша 2657 хаттама толтырылып, 192 автокөлік айып алаңына қойылды. Оның ішінде: алкогольді масаң күйінде – 8, құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы – 117, автокөлікті басқару кезінде телефон пайдалану – 64, қауіпсіздік белдігін тақпаған – 269, жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуына қатысты 222 құқық бұзушылық анықталды. Одан бөлек, 213 мото әуесқойлары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық қауіпсіздікке қатысты 747 хаттама толтырылды, оның ішінде алкоголь өнімін белгіленбеген уақытта сатқаны үшін 13 сатушыға ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабымен шара көрілді.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүргені үшін 193 ата-анаға ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігімен шара көрілді.