Таразда полицейлер жастар арасында волейболдан турнир ұйымдастырды
Таразда полицейлер жастар арасында волейболдан турнир ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Таразда “Спорт – біздің серігіміз” атты жастар арасында волейболдан турнир өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Турнирге құрамында жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінен құралған 11 команда қатысып, 100-ге жуық студент қамтылды.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші және екінші орындарды Тараз өңірлік университетінің екі командасы жеңіп алса, үшінші орынды Аса командасы иеленді. Жеңімпаздарға грамоталар, кубоктар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
⁃ Бүгінгі турнир “Спорт – біздің серігіміз” ұранымен өтуде. Оның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, нашақорлықтың алдын алу, есірткіге қарсы күресті күшейту, жасөспірімдердің бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, – деп атап өтті Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.