Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында пробация есебіндегі үш сотталған түзеу мекемесіне жіберілді

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД пробация есебіндегі үш сотталған түзеу мекемесіне жіберілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі уақытта облыс бойынша мыңға жуық сотталған пробация есебінде тұрады. Қызметкерлер тұлғаны пробациялық бақылауға алып, үйлерінен тексереді, сұхбаттар жүргізеді, жаза өтеу тәртібін сақтап жүруін қадағалайды. Тәртіп бұзып, құқық бұзушылыққа жол берген, бірнеше ескерту алған тұлғаларға қатысты ұсыныс сотқа жолданады. Жыл басынан 94 материал сотқа жолданды.

Жаңаөзен қаласында ҚР ҚК-нің 346-бабымен сотталған К. 2 жыл бас бостандығынан шектеліп, қалалық пробация есебіне алынды. Қызметкерлердің ескертулеріне қарамастан ол рұқсатсыз тұрғылықты аумағынан шығу, үйде болмау, тіркеуге уақтылы келмеу сияқты іс-әрекеттері үшін сотқа ұсынысы жолданды. 27 маусым күні соттың қаулысымен сотталған К. жазасының қалған бөлігін өтеу үшін түзеу мекемесіне жіберілді.

1 шілдеде Маңғыстау аудандық пробация есебінде ҚР ҚК-нің 188-бабымен тұрған екі тұлғаның ісі сотта қаралды. Олар үйлерінде болмағаны және әкімшілік құқық бұзғаны үшін ескертулер алып, жаза өтеу тәртібін бірнеше рет қасақана бұзған. Сот  бас бостандығын шектеу жазаларының өтелмеген мерзiмi бас бостандығынан айыру түрiндегi жазамен ауыстыру туралы қаулы шығарып, ҚАЖ мекемесіне қайтарды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру