Ішімдіктен бас тартқан ауылдың тыныс-тіршілігі
Алматы облысында ішімдіктен бас тартқан ауыл тұрғындары азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балқаш ауданы Бояулы ауылының сауда орталықтарында бірнеше жылдан бері алкогольді сатудан бас тартып, нәтижесінде мас күйде жасалған қылмыс саны жоқ.
Алкогольді ішімдіктерді сатудан және оларды тұтынудан бас тарту идеясын ақсақалдар ұсынды, оларды елді мекеннің барлық тұрғындары бірауыздан қолдады. Сонымен қатар жергілікті жастар да байсалдылық қағидасын бір ауыздан қолдады.
Полицейлер атап өткендей, сауда орындарының иелеріне жаңа талаптар енгізілгеннен кейін Бояулы ауылында ішімдік ішуге байланысты бірде-бір құқық бұзушылық тіркелген жоқ.
– Бес жыл бұрын ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірігіп, спирттік ішімдіктерді сатудан бас тарту туралы бірыңғай шешімге келді. Нәтижелер көп күттірмеді, бұл қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ отбасылық қақтығыстардың болмауына әкелді. Осы уақыт ішінде Бояулы ауылында бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторының құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмысын атап өту қажет, – деп атап өтті Балқаш аудандық полиция бастығы Айдар Умаров.
Полиция жүргізген талдау көрсеткендей, ауыр санаттағы жасалған қылмыстардың жартысынан көбі және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы барлық құқық бұзушылықтар мас күйінде жасалады.
Сонымен бірге осы ауылдың балалары медреседе оқиды, ал бос уақыттарын шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған спорт секциялары мен үйірмелерде өткізетінін атап өткен жөн.
– Осындай бастаманы басқа да ауыл тұрғындары қабылдап қолдайды деп үміттенемін. Мұндай шаралар жастарға жақсы үлгі болып, елде дені сау және бақытты ұрпақ көр болары сөзсіз, – дейді Айдар Умаров.