Алматыдағы тергеу изоляторында Нельсон Мандела күні атап өтілді
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №72 мекемесіндегі шаруашылық жасағындағы сотталғандар Нельсон Мандела күнін атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ең бірінші кезекте сотталғандар өмірінің 27 жылын түрмеде өткізген Нельсон Мандела туралы деректермен танысты. Өз заманында қара нәсілділер арасында жоғары білім алушылардың сирек кездесетініне қарамастан, Нельсон Мандела заңгер мамандығы бойынша бірнеше университет бітірген. Саясатпен дендеп айналысқан ол Африка Ұлттық Конгресі Жастар лигасының президенті бола жүріп, өз халқының бостандығы үшін күресін тоқтатқан емес. Саяси көзқарасы үшін ұзақ жылдар түрмеде отырған ол әлемге әйгілі болу дәрежесіне жете білді.
80-жылдардың ортасында үкімет Манделамен ортақ тіл табысу мақсатында апартеидке қарсы күрестен бас тартса, бостандыққа шығаратындарын айтып, ұсыныс жасады. Бірақ, Мандела бұл ұсыныстан бас тартты. Керісінше ол бостандыққа шыққан соң да күрес жолынан тайған жоқ.
Қайсарлығы мен әділдігінің арқасында 1994 жылы Оңтүстік Арика республикасының тарихында тұңғыш рет өткен демократиялық сайлаудың нәтижесінде 62 пайыз дауыспен ел президенті болып сайланды. Сотталғандар осындай қайсар күрескердің өмірі жайлы түсірілген бейнебаянды тамашалады. Іс-шара соңында сотталғандар арасында шахмат пен теннистен жарыс өткізілді.