Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар полицейлері дағдарыс орталығына барды

Павлодар полицейлері дағдарыс орталығындағы әйелдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция жүйесінде әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы инспекторларға жүктеледі. Мұндай лауазымдар әрбір полиция бөлімшесінде бар, бұл әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жағдайларына жедел әрекет ету тиімділігін арттыруға көмектеседі.

Аталған бөлімшелердің қызметкерлері өтініштерді қабылдап, кеңестер жүргізіп, зардап шеккендерге құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетеді, жергілікті атқарушы органдармен белсенді жұмыс істейді. Дағдарыс орталықтары зардап шеккендерді әлеуметтік оңалтуға да көмек көрсетеді.

– Жыл басынан бастап Павлодар дағдарыс орталығына кәмелетке толмаған балалары бар және өмірлік қиын жағдайға тап болған үш әйел жіберілді. Мысалы бізге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған үш кәмелетке толмаған баласы бар әйел жүгінді. Отбасы қоныс аудару бағдарламасы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан Успен ауданына көшіп келген. Кейін ерлі-зайыптылардың арасында ақшаның жоқтығынан жанжал туындаған. Отағасы ауылда жұмыс жоқтығын айтып, жұмыс істеуден бас тартады. Жұбайының наразылығына ол оған физикалық күш қолданды. Бізге хабарласқаннан кейін ананы балаларымен орталыққа жіберу туралы шешім қабылданды. Қазір онымен және балалармен мамандар жұмыс істейді, – деді Павлодар аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы Арина Мусина.

Орталықта әйелдер мен балалар бір жылға дейін тұра алады. Осы уақыт ішінде олар толық оңалту және әлеуметтену курсынан өтеді. Олармен психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және басқа да көптеген мамандар жұмыс істейді.

Павлодарлық әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар Арина Мусина мен Әсем Рахимова дағдарыс орталығына кезекті рет барып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған және өмірлік қиын жағдайда қалған әйелдермен профилактикалық әңгімелер өткізді.

Келушілерге 2024 жылғы 16 маусымнан бастап қолданылып жүрген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң түсіндірілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру