Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ата жолын жалғаған полиция қызметкері

Павлодарда полиция қызметкері Владислав Ермолаев отбасылық дәстүрді жалғастырып, қылмыстық іздестіру саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Оның кәсіби жолына атасы — осы саланың ардагері Алексей Лосевтің өнегесі ерекше әсер еткен, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Әулеттік дәстүрлер көбіне мамандықты жай ғана таңдамай, оны шынайы сүйіп, құрметтейтін отбасыларда қалыптасады. Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Владислав Ермолаевтың өмір жолында оның атасы — қылмыстық іздестіру саласының ардагері Алексей Лосевтің орны айрықша.

Балалық шағында Владислав атасының қызметтен оралуын асыға күтіп, оның әңгімелерін ерекше қызығушылықпен тыңдайтын. Алексей Викторовичтің қызмет жолында ондаған қылмыстың беті ашылған: хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіру, ұрлық, алаяқтық, автокөлік ұрлау, тонау, қарақшылық шабуылдар мен кісі өлтіру істері бойынша күдіктілерді ұстау. Қызметтің күрделілігіне қарамастан, бұл әңгімелер оны қорқытқан жоқ, керісінше, атасының жолын жалғастыруға деген ынтасын арттыра түсті.

2014 жылы Владислав Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсіп, 2018 жылы тәмамдаған соң мүліктік қылмыстарды ашу бағытында жедел уәкіл қызметін бастады. Сонымен қатар ол киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінде де тәжірибе жинақтады.

- Біздің жұмыста әр әрекетке жауапкершілікпен қарау, жедел шешім қабылдау және бірнеше қадам алға ойлау аса маңызды. Заңды терең білу де қажет. Кәсібилік тәжірибе арқылы қалыптасады — қиындықтар, адамдармен қарым-қатынас және жаңа тәсілдерді игеру арқылы, — дейді Владислав.

Қызмет жолының алғашқы кезеңінде әріптестері Жасталап Ибраев пен Әділбек Брыков оған қолдау көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Түнгі кезекшілік, тұрақсыз жұмыс кестесі мен тәуекел — Владислав Ермолаев үшін қалыпты құбылысқа айналған.

Алғашқы істерінің бірі — пәтер ұрлығы. "Күдіктінің жеке басы мен мекенжайын жедел анықтадық. Мен оны үйінің маңында күтіп, бірнеше сағаттан кейін қолға түсірдім. Бұл қызметтегі алғашқы күндерім еді, сол сәтте нағыз жедел жұмыстың қызығын сезіндім", — деп еске алады ол.

Қызметтен тыс уақытта да ол бейжай қарамайды. Бірде тәуліктік кезекшіліктен кейін жұбайы мен қызымен бірге дүкенге шыққанда:

- Аулада екі адамның бір жігіттен ақша тартып алмақ болғанын байқадым. Бір сәт те кідірмей олардың соңынан жүгіріп, біреуін ұстап, кейін жедел-тергеу тобын шақырдым, — дейді.

Оның өмірлік ұстанымдарының негізінде атасының өсиеті жатыр: "Әрқашан өз ұстанымыңнан тайма, адал бол және қабылдаған шешімдеріңнен қорықпа".

Әріптестері Владислав Ермолаевты тәжірибелі әрі сенімді қызметкер ретінде жоғары бағалайды. Ол кәсібилігімен қатар, адамдарға деген ізгі қарым-қатынасымен де құрметке ие. Қызмет барысында өзін тәртіпті әрі жауапты маман ретінде танытып, бірнеше рет ІІМ мен департамент басшылығы тарапынан марапаттар мен алғыс хаттарға ие болған.

Алайда ол үшін ең басты құндылық — отбасы. Сенімді тірегі — жұбайы Ирина. Ерлі-зайыптылар екі қыз тәрбиелеп отыр: жеті жастағы София және үш жастағы Алиса. Қыздары әкесінің тығыз жұмыс кестесіне үйреніп қалған. Балаларды тәрбиелеуде ата-аналары да үлкен қолдау көрсетуде.

Жұмыстың қарбаласына қарамастан, Владислав спортқа да уақыт табады: бала кезінен жүзу, бокс және футболмен айналысады. Ол КСРО спорт шебері, бапкер Игорь Михайловты ерекше алғыс сезіммен еске алады.

Барлық қиындықтарға қарамастан, Владислав таңдаған жолына өкінбейді және өз ісін шынайы сүйетінін айтады. Осындай қызметкерлер заңға адалдық пен отбасылық дәстүрдің лайықты жалғасының жарқын үлгісі бола алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру