Елордада абаттандыру ережелерін бұзған мердігерлік ұйымға айыппұл салынды
Елордада белгіленбеген орында жер асты суын ағызғаны үшін мердігерлік ұйымға айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордалық Есіл ауданы полиция басқармасына Пригородный шағын ауданы мен Сағынақ көшесінің аумағында мердігер жер асты суын жаңбыр суы ағатын кәрізге ағызып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Бұл әрекеттерімен ұйым қала аумағын абаттандыру ережелерін бұзды. Мердігерлерге қатысты 500 мың теңгеден астам айыппұл салумен әкімшілік материал толтырылды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 15 сәуірінен бастап елорда аумағында “Таза Қазақстан” акциясы өткізілуде. Акция басталғаннан бері елордада қаланы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 13 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 9 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылды.
Өздеріне қарасты аумақты уақытылы тазаламағаны, зақымдалған қоршаулар, қоқыс үйінділерін жасағаны, дөңгелектерді жуу орнының жоқтығы және т.б. үшін 100-ге жуық құрылыс ұйымына айыппұл салынды. Қызмет көрсетілетін үйлердің қарасты аумақтарын тиісінше жинамағаны үшін 67 ұйым және белгіленбеген орындарда лас суды ағызғаны үшін 45 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.