Қызылорда облысында полицейлер тұрғындармен кездесті
Қызылорда облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Е.Жаукеев №14 учаскелік полиция пунктінің әкімшілік аумағының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздік, қылмыстардың алдын алу, оның ішінде велосипед ұрлығының алдын алу, балалар қауіпсіздігі, балалардың терезеден құлауының алдын алу мәселері қаралды.
Аймақ тұрғындары ұсыныстарын айтып, сұрақтарын жолдады. Мәселен, жергілікті тұрғындар үй кіреберістері мен аулаларға бейнекамералар орнату мәселесіне де тоқталды.
– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік қағидамен жұмыс атқарудамыз. Қоғамдық пікірді зерделеу, проблемалық мәселелерді шешу және полиция қызметін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған кездесу жалғасын тауып, халықтың полицияға деген сенімін арттыру және имиджін көтеру үшін тұрғындармен ашықтықты қалыптастырып келеміз, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Е.Жаукеев.
Айта кетерлігі, аталған аумақта жыл басынан 33 қылмыстық құқық бұзушылық орын алып, оның ішінде 27-і ашылған. Қоғамдық орындар мен көшелерде құқық бұзушылықтың алдын алу барысында 277 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам анықталып, оларға қатысты хаттама толтырылды.