СҚО-да полицейлер көп таралған интернет-алаяқтықтың түрлері туралы еске салды
СҚО-да полицейлер көп таралған интернет-алаяқтықтың түрлері туралы еске салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл тұрғыны инвестициялық компанияның жарнамасына сеніп, барлық жинағын пайдаланды, таныстарынан қарызға ақша алып, 8 миллион теңгесін «инвестицияға салған». Ақша бірден алаяқтардың қалтасына түсті. Қазіргі уақытта полицейлер жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Мұндай жағдайлар көптеп кездеседі. Алаяқтар адамдарды «биржалық ойынға» немесе белгілі фирмаларға инвестиция салғаны үшін дивидендтер түрінде тез пайда табуға уәде береді.
Петропавл қаласы полиция басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алуды үнемі жүргізеді. 13-15 тамыз аралығында прокуратураның үйлестіруімен бұл жұмыс «Аnti-fraud» жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде күшейтілді. Қалалық ПБ-ның «Киберпол» жедел бөлімшелері халық көп жиналатын орындарда жадынамалар таратады, еңбек ұжымдарымен кездесулерде интернет-алаяқтық схемаларын түсіндіреді. Бүгінде «Қызылжар су» ЖШС қызметкерлері мен «Океан» сауда үйінің жанындағы базарға келушілер полиция мен прокурорлардың аудиториясына айналды.
– Өзіңіздің құпия деректеріңізді сеніп тапсыруға, бейтаныс қосымшаларды орнатуға болмайды, ресми арналар арқылы қаржыға қатысты кез келген ақпаратты тексеру қажет. Сондай-ақ “Egov” жеке кабинетінде банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту қызметін пайдалануды ұсынамыз, – дейді Петропавл қалалық ПБ бастығы Марат Жұмалиев.