Алматыда ІІМ ардагері Андрей Платаевты еске алуға арналған іс-шара өтті
Алматыда ІІМ ардагері Андрей Платаевты еске алуға арналған іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Андрей Георгиевич жерленген Алматының Орталық зиратында өтті. Қазақ КСР-нің бұрынғы Ішкі істер министрін еске алуға ІІО ардагерлері мен қазіргі полиция қызметкерлері барды.
– Бүгін біз Қазақ КСР ІІМ жұмысын ұйымдастыруға көп үлес қосқан, құқық тәртібін және қылмыспен күресті қамтамасыз етудің көпфункционалды және қуатты құрылымдарын құруда алғашқы қатарларда тұрған адамды еске алуға келдік. Оның көп жылғы еңбегі еліміздің құқық қорғау жүйесіне жоғары білікті кадрлар мен жоғары мемлекеттік органдардың мамандарын дайындауға мүмкіндік берді. Андрей Георгиевич жақсы тәлімгер, жоғары кәсібилігімен, қайсарлығымен, мейірімділігімен, жақындары мен жас әріптестеріне деген қамқорлығымен, ілтипатымен ерекшеленетін ұстаз болды, – деді Алматы қаласы ПД ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бауыржан Рахимов.
ІІМ ардагері 1924 жылы Лебяжі ауылында дүниеге келген. Ол – Ұлы Отан соғысының қатысушысы. 1946 жылы шаруашылық, қоғамдық және саяси жұмыста болды. 1946-1989 жылдар арасында нұсқаушы, аудандық комитет бөлімінің меңгерушісі, Верхубин аудандық комитетінің хатшысы, Зырян аудандық комитетінің екінші хатшысы, Зырян аудандық атқару комитетінің төрағасы, Зырян аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Зырян қалалық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің әкімшілік органдар бөлімінің меңгерушісі, Қазақ КСР Ішкі істер министрі, ОСВОД Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымында қызмет етті. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 8, 9, 10, 11-шақырылымдарының депутаты болып сайланды. 1989 жылы көз жұмды.