Түркістан полицейлері танысының атына заңсыз несие рәсімдеген күдіктіні анықтады
Түркістан қаласының полицейлері кезекті алаяқтық қылмысының бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нақтырақ айтсақ, полиция жедел әрекет етудің арқасында екі жергілікті тұрғынның атына заңсыз несие рәсімдеген 29 жастағы күдіктіні анықтады.
Белгілі болғандай, әйел танысының сеніміне кіріп, одан қоңырау шалу үшін телефонын сұрап, содан кейін 700 мың теңгеге несие рәсімдеп алған. Ал жәбірленуші банкке қарызы барын несиені төлеу туралы хабарлама келгенде ғана білген.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары күдіктінің тағы бір осыған ұқсас алаяқтық фактісіне қатысы барын анықтады. Келтірілген шығын – 1,3 млн теңге.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.